Бауыржан Момышұлы атындағы Алматы Республикалық «Жас ұлан» мектебіне түсу үшін құжаттарды қабылдау 2020 жылдың 3-7 тамыз аралығында өткізілді, 2020 жылдың 7-21 тамыз аралығында іріктеу конкурсы өткізілді. Бүкіл әлемге таралған «Covid-19» індетінің өршуіне байланысты 2020 жылға арналған талапкерлерге арналған іріктеу конкурсы басқа форматта өтті. Мектеп бастығының бұйрығымен құрылған қабылдау комиссиясы келесі жұмыстарды жүргізді: оқуға құжаттарды тапсыру үшін келген ата-аналармен әңгімелесу, балалардың кәсіби-психологиялық тестілеуді, дене дайындығын және медициналық тексеруді тапсырмайтындығы туралы ақпарат берді. Осының негізінде қабылдау комиссиясы жалпы орта білім туралы аттестаттың орташа балына сәйкес және 086 медициналық анықтаманың нәтижелері бойынша Тәрбиеленушілерді мектепке қабылдау туралы шешім шығарды.
Сондай-ақ, президенттік, республикалық және халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалардың жеңімпаздарына, спорттық разрядтары бар оқушыларға, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, Бастапқы әскери даярлық бағдарламалары бойынша қосымша оқытылған мектеп оқушыларына және әскери қызметшілердің балаларына қосымша балл беру туралы түсіндірме ақпарат берілді. 21 тамызда мектеп бастығы, заңгер және комиссия мүшелері ата-аналарымен кездесіп, мектепке қабылдау аяқталғанын, биылғы оқу жылына 198 тәрбиеленушіні қабылданғаны туралы хабарлады. Оқуға қабылданған тәрбиеленушілердің тізімі мектеп сайтында жарияланды. Апелляциялық комиссияға берілген өтініштер қаралып, жауап берілді. Өтініш берушілер апелляциялық комиссияның жауаптарымен қанағаттандырылды.
Ізгі ниетпен, Бауыржан Момышұлы атындағы Алматы республикалық «Жас ұлан» мектебінің бастығы
М.Батырбаев