2020 жылы 13 наурызда Бауыржан Момышұлы атындағы Алматы республикалық «Жас ұлан» мектебінде Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің терроризмге қарсы күрес орталығының қызметкері Б.Ш.Шоманов мектеп жеке құрамына «Діни экстремизм және терроризмнің алдын алу шаралары» тақырыбында дәріс өткізді.
Шараның негізгі мақсаты – мектеп жеке құрамына діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу, қоғамға кері ықпалын тигізіп жатқан жат ағымдар туралы кең көлемде мағлұмат беру.
Дәріс барысында Б.Ш.Шоманов ислам дінінің тарихына тоқталып, Қазақстанда тыйым салынған жат ағымдар салафизм, уахабизм ағымдарының келу жолдарын, олардың салдары туралы нақты дәлелдермен мәліметтер келтірді.
«Соңғы жылдары дінге қатысты мәселелер қоғамдағы ең өзекті мәселеге айналды. Қазақстан мұсылмандары арасында, әсіресе жастар ортасында салафиттік көзқарастар кеңінен таралу үстінде. Олар жастардың санасын бұзып, мәңгүрттікке уағыздауда. Сондықтан да діни білімімізді көтеріп, сауаттылығымызды арттыруымыз керек. Барлық дәстүрлі және жаңадан пайда болған діни ағымдардың тарихын, ілімін танып-білу, экстремистік ұйымдарды белгілеріне қарай ажырата білуіміз керек» деді дәріс жүргізуші Б.Ш.Шоманов.
Дәріс барысында бейнероликтер көрсетіліп, мектеп жеке құрамы өздерін толғандырып жүрген сұрақтарын қойып, оларға толыққанды жауап алды. Кездесу өте жақсы деңгейде өтті.