Бауыржан Момышұлы атындағы Алматы республикалық «Жас ұлан» мектебінің әскери қызметшілері 2020 оқу жылының қорытынды тексеруінен өтті.
Тексеру барысында әскери қызметшілер саптық, мемлекеттік-құқықтық даярлық, кәсіби, арнайы, атыс және дене даярлықтары бойынша сынақтар тапсырды. Комиссия мүшелері олардың әскери тәртібін, кәсіби-қызметтік және физикалық дайындықтарын, білімі мен білігін бағалады. Әр әскери қызметші тек қана теориялық ғана емес, практикалық білімін де көрсете білді. Тексерудің алғашқы күні мектеп офицерлері және келісімшарт бойынша әскери қызметшілер сап түзеп, олардың әскери форманы ережеге сай күюі, сыртқы келбеті және далалық сөмкенің дұрыс жабдықталуы тексерілді. Саптық байқаудан кейін әскери қызметшілер саптық даярлық бойынша сынақтар тапсырды. Қозғалыста, қарумен және бір орында тұрып саптық тәсілдерді орындады. Әскери қызметшілер саптық даярлықтан соң атыс даярлығынан емтихан тапсырды, онда автоматты бөлшектеу және құрастыру, қорапты патрондармен жабдықтау, ұрысқа дұрыс дайындау дағдылары көрсетілді. Барлық нормативтер уақытымен дұрыс орындалды. Сонымен қатар, әскери қызметшілерден мемлекеттік-құқықтық даярлық және жалпы әскери жарғы бойынша білімдерін тексеру мақсатында тест алынды. Әскери қызметшілер үшін жылды қорытындылайтын емтиханды жақсы тапсырып, жоғары нәтижелер көрсету өте маңызды. 2020 оқу жылын қорытындылау кезінде мектеп жеке құрамы өткен жыл барысында жинаған білімі мен білігін, әскери және кәсіби дайындықтарының жоғары деңгейде екенін көрсете білді.