Бауыржан Момышұлы атындағы Алматы республикалық «Жас ұлан» мектебінде көрнекті ғалым, тарихшы, фольклоршы, этнограф, географ, ағартушы Шоқан Уәлиханұлының туғанына 185 жыл толуына орай дөңгелек үстел ұйымдастырылды.
Дөңгелек үстелдің басты мақсаты — мектеп әскери қызметшілеріне қазақтың көрнекті тұлғаларының бірі, есімі аңызға айналған шығыстанушы, зерттеуші-этнограф Шоқан Уәлихановтың қысқа да мәнді ғұмырында том-томдап жазып кеткен ғылыми-зерттеу еңбектерінен тереңірек хабардар ету, ғалымның өмір сүрген кезеңімен таныстыру.
Тәрбиелік мәні зор дөңгелек үстелде мектеп бастығының орынбасары (тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі) — басқарма бастығы подполковник Е.Құлжанов ұжымға шығыстанушы ғалымның Омбы кадет корпусын өте жақсы бітіргені, Шоқанның бойындағы ерекше қабілеттері туралы, жас болса да қоғамдық істерге белсене араласып, 1856 жылы экспедицияға қатысып, көшпелі халықтың өмірі мен мәдениетін зерттеген, дүниежүзі әдебиетін жете меңгерген ғалым болғандығы туралы айтты. Мектеп кітапханашысы А.Кумарова тарихи тұлғаның сан қырлы ерекшелігін танытатын арнайы көрме ұйымдастырды. Дөңгелек үстел қатысушыларына интерактив тақта арқылы ғалым шығармаларынан слайдтар көрсетілді. Мазмұнды да мағыналы сұрақ-жауапқа негізделген дөңгелек үстел өз мақсатына жетті.