Бауыржан Момышұлы атындағы Алматы республикалық «Жас ұлан» мектебінде 2020 жылдың 15 желтоқсанында «16-желтоқсан — Тәуелсіздік күні» мерекесіне орай іс-шара өткізілді. Мерекелік іс-шараға мектеп әскери қызметшілері, ұстаздар және азаматтық персоналдар қатысты. Мемлекеттік әнұран орындалып, шара жүргізушісі ел тарихы туралы, баға жетпес құндылығымыз — тәуелсіздік туралы кең көлемді шолу жасаған соң мектеп бастығы полковник М.Батырбаев құттықтау сөз сөйледі. «Тәуелсіздік – біздің баға жетпес құндылығымыз! Дүниеге жаңа мемлекет – Тәуелсіз Қазақстан Республикасы, дербес Қазақ Елі келді. Міне, осы уақыттан бастап Қазақстан талай асулардан асып, жетістіктерге қол жеткізіп келеді. Қазақстан Тәуелсіз мемлекет ретінде халықаралық аренаға шықты. Ата-бабамыз аңсаған бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауға өз үлесімізді әрқашан қосып, еліміздің бірлігін сақтайық дегім келеді»-деді мектеп бастығы.
Мұнан соң марапаттау рәсімі басталды. Мектеп абыройы үшін аянбай еңбек етіп жүрген бірқатар азаматтарға алғыс жарияланып, құрмет көрсетілді. Мектеп бастығы әскери қызметшілерге ҚР ҚМ-нен берілген «ҚР ҚК І және ІІ дәрежелі мінсіз қызметі үшін» төсбелгілерін, өз қызметтік міндеттерін үлгілі атқарған азаматтық тұлғаларға алғыс хаттар табыстады.
Мектеп фойесінде кітапханашылар тақырыпқа сай көрме жасады. Көрмеге тәуелсіз мемлекеттің 29 жылда жеткен жетістіктерін ашатын деректер келтірілген жинақтар, кітаптар мен суреттер қойылды.
Мектеп бастығының құттықтауынан соң туған жер туралы әндер шырқалып, көпшілік көңілі көтерілді. Қазақ елінің тәуелсіздігі — қазақ халқының тыныштығы үшін аянбай күрескен Жәнібек пен Керейден бастап, Кенесарыға дейінгі қазақ хандарының еңбегі. 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы қазақ халқының тәуелсіздігі үшін ең соңғы күресі еді. Бүгінгі ұрпақтың міндеті — ата-бабамыздың білек күшімен келген тәуелсіздікті сақтау, еліміздің бірлігін арттыру болып табылады.